2016-03-15
Н.Назарбаев Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің ресми сапармен келу туралы шақыруын қабыл алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжан - Қазақстан үшін Кавказ өңіріндегі стратегиялық серіктес. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар шет ел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Әзербайжан - Қазақстан үшін Кавказ өңіріндегі стратегиялық серіктес. Біздің елдеріміз энергетика, транзит, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру саласында, басқа да бағыттар бойынша белсенді ынтымақтасып келеді»,- деді Н.Назарбаев. 
Сонымен қатар, ҚР Президенті жақында ғана Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтен Әзербайжанға ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғанын атап өтті.
«Мен бұл шақыруды ықыласпен қабыл алдым, дипломатиялық арналар арқылы нақты мерзімін келісетін боламыз», - деді Елбасы. 
Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Президентіне БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі, БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Израиль Елшісі Михаил Бродский, Өзбекстан Елшісі Икром Назаров, Әзербайжан Елшісі Рашад Маммадов, Таиланд елшісі Нат Пиньоваттаначип сенім грамотасын табыс еткен болатын.

.